Торайғыров университетінің химия ғылымдарының кандидаты Ғайни Сейтенова шамамен үш жыл бойы Павлодар мұнай-химия зауытымен серіктестік қарым-қатынаста.

Кәсіпорынға мұнайды қайта өңдеудің тереңдігін ұлғайту, энергия тиімділігін арттыру мен қуат көзін үнемдеу мәселесін шешу ұсынылды. Жоба дайын, енді өнеркәсіптік сынақ өткізу керек.

- Еуропа елдері мен Америкада мұнайды қайта өңдеу тереңдігі 98-99%-ға жетеді. Қазақстан мен көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 85%-ды құрайды. Тереңдікті ұлғайту үшін ғылыми қолдау қажет. Біздің елде мұнай өңдеу саласы үшін математикалық модельдеу, мұнай шикізатының терең қайта өңдеудің стационарлы емес көпкомпонентті үрдістерінің сандық прототиптері әзірленбеген, - дейді Ғайни Сейтенова.

Оның айтуынша, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында құрылғылар шикізаттың өзгермелі құрамын есептеусіз қолданылуда.

- Математикалық модель өнеркәсіптік құрылғылардың жұмысын болжауға мүмкіндік береді, дайын өнімнің шығуын ұлғайтады және өңдеу тереңдігін болжайды. Сонымен қатар, энергетикалық шығындар мен атмосфераға пайдаланылған газдардың эмиссиясын азайтады және өндіріс қалдықтарының көлемін төмендетеді. Сандық прототипті ұжымды оқытуға да пайдалануға болады, - дейді ғалым.

Бүгінгі күні Торайғыров университеті зауытпен өнеркәсіптік математикалық модельдерге сынақ жүргізуге келісті.