Toraighyrov University академиялық еркіндік шеңберінде 10 болашақ химик және мұнай-химик Румынияға тәжірибе алмасуға аттанды.

Жастар бір ай бойы әлемдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі - «Petromidia» кәсіпорнында тәжірибе жинақтамақ. Бұл кәсіпорын Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең замануи зауыт болып саналады.

Химиктердің Еуропадағы өндірістік тәжірибесі университет пен компания арасында жасалған құжат шеңберінде жүзеге асырылды.

Студенттер алдымен сол елге бару керек еді. Олар қызықты оқиғаны да бастан кешірді.

- Біз ұшаққа кешігіп қала жаздадық. 12 сағат Стамбулда болдық, кейінсайтта тіркелумен мәселелер туындады. Мені және Дархан Кенжетаевты ұшаққа отыруға кіргізген жоқ. Біз әуежайда байланыссыз қалдық. Жанымызда болған студенттер барынша қолдау көрсетті. Көмек қолын созды. Бір сөзбен айтқанда, бұл «сынақтардан» соң Бухарестке жеттік, - дейді Мадина Сәдуақасова.

Еске салсақ, ҚР БжҒМ тарапынан ұсынылған академиялық және қаржылық автономия туралы заң академиялық еркіндік пен студенттердің академиялық мобильділік бағдарламаларын дамытуға сеп болады.