С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде емтихандық сессия мерзімінде жемқорлыққа қарсы күресуге бағытталған ауқымды «Таза сессия» науқаны өтуде.

Бұл науқан жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің ұсынуымен «Нұр Отан» ХДП жемқорлыққа қарсы бағдарламасы және 2014-2015 жылдарға арналған С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы аясында іске асуда.

«Таза сессия» науқанының өтуіндегі мақсаты – студенттер арасында құқықтық сананы және азаматтық ұстанымның қалыптасуы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын бұзу көріністеріне төзбеушілік тәртіпті қалыптастыру, жемқорлық фактілерін анықтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

«Таза сессия» науқаны туралы ақпарат студенттерге ақпараттық орындарда, студенттік ПМУ ФМ радиосында және бейне роликтер арқылы таратылды. Науқан аясында студенттер, магистрантар және докторанттар емтихандық сессия кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа байланысты келеңсіз фактілерін сенім телефондары арқылы жеткізе алады. Мұнымен қоса, университеттің барлық ғимараттарында ұсыныстар мен ескертпелер үшін орнатылған «Сенім жәшіктері» арқылы да жазбаша, электронды түрде университет порталына (www.psu.kz) пікір тастауға болады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Тіркеу кеңесінің басшысы Петр Быков әр студент пен магистрант жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күреске белсене атсалысуы қажет екенін атап өтті.

– Кез келген студент, магистрант «Таза сессия» науқанының өту барысын қадағалап, өз құқықтары шеңберінде сапалы білім алу әділеттілігіне қол жеткізуі шарт. С.Торайғыров атындағы ПМУ әрдайым сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіттеу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыс жүргізіп келеді. Бұл шаралар алғашқы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және білім алушылардың оқу орны аясында және күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың мүмкін фактілеріне қырағылығын арттыруға бағытталып отыр, - деді Петр Олегович.

Науқан барысында студенттер арасында білім беру, емтихан өткізу қызметтерінің сапасына қанағаттануын анықтайтын анкеталық сауалнама өткізілді.