С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары «Қалмақ қырылған» жерінің археологиялық мұрасын зерттеуде.

Сарапшылар зерттеу жүргізу үшін Май ауданына барды, бұл жерлерде 18-ші ғасырда қазақ-жоңғар шапқыншылығы болған.

Археологтардың мақсаты - 18-ші ғасырда болған әскери-саяси оқиғалардан хабар беретін деректерді табу.

- Біз бұл аумақтағы таулардың шыңдарын барлаймыз. Себебі, аңыз бойынша бұл жерлерде бақылау бекеттері болған. Бұл нысандарды тапсақ, олжалы боларымыз сөзсіз, - дейді А.Х. Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының диреткоры, т.ғ.к. В. Мерц.

Ғалымдар, сонымен қатар, соғысқа қатысқан жауынгерлердің нақты санын анықтамақ.

«Қалмақ қырылған» жері жергілікті маңыздағы нысандар тізіміне енгізілген. Бұл экспедицияның мақсаты - бұл аумақты жалпыұлттық тарихи ескерткіштердің тізіміне енгізу.

ПМУ ғалымдары «Қалмақ қырылған» кітабын баспаға әзірлеуде. Еңбектің құрамына археологиялық зерттеулер, қалмақ-қазақтардың әлеуметтік-саяси қатынасына қатысты сарапшылық пікірлер, қазақ батырлары туралы мәліметтер, сонымен қатар, бұл жермен байланысты аңыздар енгізілген.

Бүгінгі таңда ғалымдар жоңғарлармен болған шапқыншылықтар қайда болғаны туралы түрлі пікір білдіруде. Сондықтан, экспедициялар жалғасын таба бермек.