С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде республикалық «Startup Bolashak 4 маусым: Menin Armanym» стартап-жобалар байқауының аймақтық іріктеу кезеңі өтті.

Унивеситет базасындағы іріктеу туры екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Оның мақсаты - жас кәсіпкерлерді тарту, өмір сүру сапасын жақсарту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласына заманауи білімдер мен технологияларды әкелу, сонымен қатар, мемлекетте кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру.

Байқауға 16-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, сонымен қатар, студенттер инновациялық бизнес-идеяларымен бөлісті. Қатысушылардың қатарында №1 Чернорецк орта білім беру мектебі мен Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернатының оқушылары болды.

Байқау аясында қатысушылар үш күн бойы бизнес дағдыларын жетілдіріп, тренингтерге қатысты. Сонымен қатар, питч-тұсаукесер жобаларын жасады.

Іріктеу турының қорытындысы бойынша 11 үздік жоба анықталды. Олар ширек финалға өтті. Іріктелген жобалардың қатарында шаралар мен бизнеске арналған қосымша сервис, бос орындарға құзырлы мамандарды таңдауға арналған жүйе, арнайы техника бойынша тоқу, брелоктар дайындау, кретивті ашық хаттар мен мүсіншелер жасау, биогумус өндірісі сияқты жобалар болды.