Павлодар мемлекеттік университеті география және туризм кафедрасының меңгерушісі, пед.ғ.к., қауымдастырылған профессор Динара Есімова Ұлыбританияда өткен «Тұрақты энергетика және Ресей климатының өзгеруі: пікірталастар, талқылаулар» семинарына қатысты.

Ауқымды шара Ноттингем Трент университеті әлеуметтану және халықаралық қатынастар факультетінің базасында өтті.

Семинарға шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олардың ішінде Оксфорд, Бирмингем, Абертей, Мидлсек университеттері мен Мәскеу экономика жоғары мектебінің мамандары қатысты.

Кездесу барысында ғалымдар қауымы зерттеу жұмыстарын таныстырып, еңбектерінің ғылыми құндылығы турасында халықаралық сарапшылармен бірлесіп талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Динара Есімованың баяндамасы халықтың экологиялық түсінігін қалыптастыру тақырыбына арналды. Ғалым ҚР Тұңғыш Президенті Қорының қаржыландырылуымен жүргізілген «Павлодар облысы экологиясының экспресс-курсы» жобасының нәтижелерімен таныстырды.

«Аймақтың биологиялық саналуандылығын сақтауға бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижелері Павлодар облысының экологиясы бойынша оқу құралдары мен электронды оқулықтарда көрініс тапты. Ғаламтор пайдаланушылары «Павлодар облысының экологиясы» атты онлайн курспен таныса алады», - дейді Д. Есімова.

Айта кетейік, өңірде жастарға арналған Yuong-Eco экологиялық орталығы ашылмақ.