С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті IT HUB департаментінің маманы Аида Ғабдулмақсұт стартап мектебінің жұмысына қатысты.

Шара Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркінің базасында өтті. Кездесуге қатысқан жастар нарықты сараптау әдістерін пайдалану, клиенттермен тиімді коммуникация жолдарын таңдау мәселелерін талқылады.

Университеттің ақпараттық технологияларды енгізу бөлімінің инженер-программисті Аида Ғабдулмақсұт қазақ тілін онлайн режимде меңгеруге бағытталған «QazTez» стартап-жобасын ұсынды. Автордың айтуынша, платформа веб-сайт және мобильді қосымшадан тұрады.

«Үш күн ішінде материалдарды оқып, тәжірибе жүзінде пайдаландық. Нәтижесінде жобаның концепциясы жасалып, қолданушылардың сұранысы зерттелді. Ресейлік «Яндекс» және «ФРИИ» компанияларының сарапшылары жаңа жобаларды іске қосу тәжірибесімен бөлісті. Осы тектес шаралар Қазақстанның ІТ нарығын кеңейтеді деген сенімдемін», - дейді ол.

Жоба қазақ тілін жетік меңгерген адаммен ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытуға, сөздік қорды молайтуға және қазақ тілінің грамматикасын оқуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, латын әліпбиін визуалды қабылдауды жаттықтыруға арналған қосымша қызмет қарастырылған.