ҚР Білім және ғылым министрлігінің шетелдік мамандарды оқытушылық қызметке тарту бағдарламасы шеңберінде С. Торайғыров атындағы ПМУ-де Португалиядағы Авейро университетінің азаматтық құрылыс саласындағы PhD докторы Барбара Марино дәріс оқып жатыр.

Барбара Марино бір айдың ішінде өнеркәсіптік, азаматтық және көліктік құрылыс кафедрасының студенттеріне «Жағалаудағы қорғау нысандары мен менеджмент» тақырыбында дәрістер оқиды.

Маманның айтуынша, әлемдегі жағалаулардың 70%-ы табиғи құбылыстардың әсерінен зардап шегуде.

«Қорғау нысандарының инженер-құрылысшысы толқынның биіктігін, желдің күшін, ағымдарды, жағадағы эррозия қарқынын, жағаның тереңдігі мен болашақ нысанның тереңдігі, сондай-ақ, құрылыс материалдарын (тас, бетон немесе кұм) ескеру керек. Ескеретін жайттар өте көп», - дейді Барбара Марино.

Шетелдік маман Ертіс өзенінің жағасындағы «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішін шаюдан қорғау мәселесіне қатысты пікірін де білдірді. Профессор жағаны бетонмен бекіту тиімді екенін айтты, себебі, құмнан жасалған нысандар ағынға төтеп бере алмауы мүмкін.