С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті сәулет және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының мүшесі Зура Асылғазина 2018 жылдың үздік суретшісі атанып, Павлодар облысы әкімінің грантына ие болды.

Марапаттау салтанаты мәдениет және өнер қызметкері күні шеңберінде өткен «Рухани мәдениет – әлемді жаңартудың кілті» шарасында ұйымдастырылды.

Бұл шараға қатысқан мәдениет саласының 50-ден астам қызметкері Павлодар облысының әкімі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамтоталары және Алғыс хаттарымен, сонымен қатар, төсбелгілерімен марапатталды.

Сонымен қатар, «Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік әртісі», «Жылдың үздік композиторы», «Жылдың үздік кітапханашысы» сияқты аталымдар бойынша сый-құрметке ие болды.

Зура Асылғазинаның туындылары жалпы формасы мен суреттің түр-түсімен ерекшеленеді. Шығармашыл тұлғаның басты мақсаты – көңіл-күй мен сезімді жеткізу. Суретшінің сүйікті жанры пейзаж болып табылады, себебі оның табиғаты қоршаған ортаға тым жақын.

Зура Мейрамқызының шығармалары республикалық және халықаралық көрмелерде ұсынылған.