Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә.Назарбаевтың Жолдауы аясында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттер кәсіпкерлігі мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту тақырыбына арналған семинар өтті.

Елбасы өзінің халыққа  арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адамдарды нәтижелі жұмыспен қамту үшін  мол мүмкіндіктер ұсыну – өз ісін ашу немесе жаңа мамандық алу керек екені жөнінде айтқан. Бұл міндет ПМУ-дағы инфрақұрылыммен сәйкес келді. 

ЖОО-да халықаралық стартап академиясы құрылған, оқу үрдісі қайта қарастырылған, жаңа білім беру бағдарламалары қалыптастырылған. Барлық мамандық бойынша студенттер тайм менеджмент, күйзеліске төзімділік, кәсіпкерлік құқық және басқа да түрлі  кәсіпкерлік құзыреттілікті меңгере алады.

Мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінде «кәсіпкерлік негізі мен стартап жобаларын экономикалық негіздеу», «Заманауи бизнес үрдістердің логистикасы», «Инвестициялық-экономикалық стартап жобалардың модельдері» пәндері енгізілген. 

Жолдаудың жетінші тапсырмасына сәйкес метематикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша білім берудің барлық сатысында  білім беруді күшейту қажет. 

Факультет студенттері үшін ГИС-технологиялар бойынша пәндер  дайындалып, енгізілген. Сонымен қатар ГИС-зертханалар мен жаңа «Геоинформатика» мамандығын ашу  жоспарда бар. 

Бүгінгі таңда химия технологиясы факультетінің ғалымдарымен «Өңірдің биоалуандығы» бірегей геоақпараттық база құру  бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жоба тірі организмдердің барлық топтары бойынша бөлінеді. Оған дүние жүзіндегі барлық мамандар  қол жеткізе алады.  Мәселен, көбелектер бойынша геоақпараттық база ендігі құрылған. 

Бұдан басқа, шығарылатын жұмыстардың кеңесшілері ретінде шетелдің жетекші мамандары тартылады және бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленеді.