2017 жылдың 3-қарашасында С.Торайғыров атындағы ПМУ-да ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаевтың құрметіне «Аграрлық ғылым - мал шаруашылығын дамыту» атты конференция өтті.

Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, фил.ғ.к. Гаухар Ахметова өз сөзінде Зейнолла Тоқаевтың Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін және қазіргі ғылымын дамытуға қосқан үлкен үлесін атап өтті.

Зейнолла Тоқаев қой түлігінің «Байыс» деп аталатын жаңа тұқымының авторы. Көп жылғы ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде 175 ғылыми жұмыстар, монографиялар және оқулықтар жинақтаған.

Зейнолла Қалымбекұлы көп жылдар бойы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін басқарған. Ол талантты тәлімгер,  ветеринариялық және ауылшаруашылық саласында мықты мамандар тәрбиеледі.

Бір ПМУ-дың өзінде оның оннан астам шәкірті яғни, ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары жұмыс істейді.

Бүгінгі күнде жасы келгеніне қарамастан өз еңбегін жалғастырып, жас мамандарға тәжірибесімен бөлісуде. 

Салтанатты шарада З. Тоқаев Павлодар мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағына ие болды.