С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: тарих және бүгінгі заман» ғылыми семинары өтті.

Қазақстан тарихы кафедрасы студенттерінің назарына кітапхананың көркем әдебиеті бөлімі және Қазақстан халқы кітапханасының меңгерушісі Елена Лиханова «Ел рәмізі – Ел рухы» атты көрмесін ұсынды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің тарих және мәдениет институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қайрат Батталовтың баяндамасы Орталық Азиядағы көшпенді мемлекеттердің мемлекеттік рәміздерінің тарихына арналды. 

«Біздің бабаларымыз – сақтар, сарматтар, түркі тайпаларының мәдени элементтері мен мемлекеттік билігінің нышандары бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінде бейнеленген. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің, біз таңдаған даму жолының белгісі. Бұл мемлекеттік рәміздер тарихи сабақтастық пен әр дәуірлердің мәдени байланысын сақтаудың басты нышаны саналады», – деді Қайрат Қанатұлы.

Семинарға қатысушылар философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Салтанат Аубакированың баяндамасы барысында ҚР мемлекеттік рәміздеріне мәдениеттанулық талдау жасады. 

Саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Ғани Елмұратов өз сөзінде ұлттық-мемлекеттік нышанын саяси үрдісітің басты элементі ретінде қарастырды. 

Сондай-ақ, қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің ресми бекітілуі тарихынан сыр шерткен бейнеролик тамашалады.