С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері тілдік емес мамандық студенттері арасындағы шетел тілдері (ағылшын, неміс, француз) бойынша халықаралық студенттік олимпиадада жүлделі орындарға ие болды.

Олимпиада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында өтті.  

Олимпиадаға Қазақстанның және Омбы, Екатеринбург қалаларының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. 

Қатысушылар хат, аудио жазба, мәтіннің оқылуы және айтылуы бойынша білімдерін сынады. 

Зияткерлік сайыста ағылшын тілінің білімі бойынша бәсекеде Тимур Ескендір көптен озық болып, бірінші орынды еншіледі. Сондай-ақ, Анастасия Долбня неміс тілі бойынша жүйріктігін көрсетіп, үшінші орынға лайықты деп танылды. 

Сонымен бірге, студенттер Кәмила Әлмағамбетова, Ілияс Қазамбаев, Жалғасхан Садық, Анна Украинец білім сайысына белсенді қатысып, алғыс хаттармен марапатталды. 

«Біздің студенттер шетел тілдерін меңгерудің жоғары деңгейін көрсетіп, барлық тапсырмаларды орындауда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бүгінде шет тілдік білім бәсекеге қабілетті қоғамның маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Біз барлық мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттердің шетел тілін жоғары деңгейде игеруін мақсат етеміз», – дейді шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., қауымд. профессор Бейбітнұр Жұмабекова.