С. Торайғыров атындағы ПМУ жанындағы Қазақстан студенттер Альянсы Павлодар мемлекеттік университеті белсенділерінің ұйымдастыруымен осымен екеніші мәрте студенттік веналық бал өткізді.

Салтанатқа толы бұл күні сұлу қыздар мен сұңғыла бойлы жігіттер нұрлы жүздеріндегі қуанышын жасыра алмады. Толқып та тұр, ертегідей таңғажайып сәтті күтетіндей... Смокинг киген сымбатты бозбалалар сұлу бойжеткендерді биге шақырды. XVIII ғасырдың би балы дәстүріне сай 32 жұп салтанатты сарайда мың бұрала билей жөнелді. 

Балдың алғашқы үш кезеңінде қонақтардың назарына тарихи билер ұсынылды. Студенттер вальс, котильон және кадриль билерін биледі. Студенттердің бұл би түрлерімен танысуы мақсатында тарихи би өнерін игеру үшін арнайы би сабақтары өтті. 

Кеш бағдарламасында қонақтардың көңілін көтеретін қызықты театрландырылған қойылымдар сахналанды. Кеш Павлодар мемлекеттік университетінің филармониясы әншілерінің музыкалық тартуынсыз өтпеді. 

«Студенттік бал өткізу Павлодар мемлекеттік университетінің әдемі дәстүрлерінің біріне айналды. Бал – кеңістік пен уақыттың жаңғыруы, әуеннің ырғағымен дөңгелене биге оранған ғажайып әлем. Бастысы, сол дәуірдің куәсі болғандай болдық. Менің ойымша, біздің қолымыздан келді», – дейді Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Айдар Мұратов. 

Ханшайым мен ханзадасыз бал өте ме? ПМУ веналық балында бидің орныдалу техникасы мен этикетін тамаша орындаған Дина Чумарова  (энергетика  факультеті) және Темірлан Мейрамов (химиялық технологиялар және жаратылыстану факультеті) кештің ханшайымы мен ханзадасы атанды.