«ҚАЗКА» қорының демеушілігімен «Тайбурыл» қоғамдық бірлестігінің тағайындауы бойынша айлық шәкіртақы жеңімпаздары анықталды. Байқау комиссиясының шешімімен Үміт Амренова, Ғалымгүл Талғат, Данагүл Жанат, Әлия Лаубай, Мадина Сыздықова жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Шәкіртақы иегерлері ай сайын бір оқу семестрі барысында 30 мың теңге көлемінде қаражат алып тұрады. Мұнымен қоса, «Береке» қоғамдық қорының қолдауымен агротехнологиялық факультеттің студенті Данагүл Жанат бір оқу жылына оқу грантын иеленді. 

Байқау шарттарына сай додаға баклавриат бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттер қатысты. Өтінімдерді қарау кезінде байқау комиссиясы студенттің оқу үлгерімі, ғылым, спорт және мәдениет шараларында белсенділік танытуы, халықаралық әрі республикалық байқаулар мен сайыстардағы жеңістері, сондай-ақ университеттің қоғамдық өміріне атсалысуы есепке алынды. 

Агротеxнолониялық факультетінің  2 курс студенті  Данагүл Жанат ұйымдастырушылардың дарынды жастарды қаражатпен қолдауының маңызды екенін айтады. Данагүлдің айтуынша, грант иегері атанғаннан бері ол бос уақытын тиімді пайдаланып, оқуға деген ынтасы арта түсті, ғылыми жұмысқа ден қойды.

Гуманитарлық-педагогикалық факультетінің студенті Үміт Амренованың айтуынша, айтулы шәкіртақы білімін тереңдету үшін зор қолдау болды. 

«Шәкіртақының иегері атанғанымды білгенімде, әрине, қуанышымда шек болмады. Асығым алшысынан түсті. Екінің бірінің қолы жете бермейтін мүмкіндікке ие болу – зор нәтиже. «Білім инемен құдық қазғандай» демекші, білім мен ғылым жолында үздік нәтиже көрсету де оңай емесі анық. Осы ұсынылған шәкіртақы қаражатын мен қытай тілін үйрену мақсатында арнайы курсқа жұмсауды көздеп отырмын».