С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері облыстың жоғары оқу орындарының арасында өткен «Брейн-Ринг» зияткерлік ойынының жеңімпаздары атанды.

Зияткерлік ойынның өтуіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлігінің Павлодар облысы бойынша департаменті және «Жас толқын Павлодар» ҚҚ ұйытқы болды.

Сайыс мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық жағдайының өзекті мәселелерін, мемлекеттік қызметкер мәртебесін өсіру және қызметтегі шектеулер мен тыйымдарды насихаттауды мұрат етті. 

Командаларды дайындау барысында студенттердің ҚР Конституциясын, «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы туралы» заңын және мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексін меңгеруге аса зор көңіл бөлінді. 

ПМУ командасының құрамына мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің алты студенті енді. 

Команда капитаны, ПМУ студенті Ғиззат Сұлтанның пікірінше,  ойын қиын жағдайда бірнеше секундта жылдам шешім қабылдауға үйретеді. 

«Бұл – екі команданың жылдамдығы пен зеректілігін сынайтын шапшаң ойын.  Брейн-рингте қойылған сұраққа жылдам жауап беру қабілетімен қатар, жылдам шешім қабылдап, қарсыластарыңнан бұрын  тез жария ету де маңызды. Бұл ойында командаларға бір уақытта алғашқы секундтарда-ақ жауап беру үшін батылдық, барлық нұсқаларды мұқият зерделеп алу үшін сақ болу қажет. Ал біздің команда бұл қабілеттерді бір арнаға тоғыстырып, университетіміздің намысын қорғап шықты, жеңіске жетті», – деді Ғиззат.