С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары Қазақстандағы климаттың өзгеруіне, энергетика жаңалықтары мен ауылдық өңірлердің дамуына өзек болған семинарға қатысты. Бұл семинар Британдық Кеңестің қолдауымен Шеффилда университетінің (Ұлыбритания) ұйымдастыруымен өтті.

Ньютон – Әл-Фараби Researcher Links бағдарламасы шеңберінде өткен айтулы семинарға С. Торайғыров атындағы ПМУ энергетикалық факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Александр Антонцев, электроэнергетика кафедрасының докторанты Айбек Ақаев, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, п.ғ.к., доцент Ақмарал Қайрбаева қатысты. 

Бұдан өзге, шараға энергетика, экология және тұрақты даму, ауыл шаруашылығы, климатология, биотехнология, IT салалары бойынша Ұлыбритания және Қазақстанның белгілі әрі жас ғалымдары мен мамандары атсалысты.  

Семинар барысында энергетикалық секторға жалпы ықпал етуші факторлардың сараптамасы, экологиялық таза көмір технологиясы, алыс өңірлердегі гибридті энергетикалық жүйе, интеллектуалды энергетикалық желі және энергияны сақтау технологиялары сынды мәселелер қозғалды. 

Семинар жұмысында Александр Антонцев «С. Торайғыров атындағы ПМУ қуат үнемдеу бағдарламасы» (Energy Conservation Program of S. Toraighyrov PSU) баяндамасын ұсынды.

«Семинарда біздің университет мамандары ҚР энергетикалық секторы дамуының өзекті мәселелерін британдық белгілі университеттер мен ұйымдардағы және қазақстандық әріптестерімізбен талқылып, мәселенің түйінін шешуге жол салдық. Сондай-ақ, алдағы зерттеу жұмыстарымыздың ынтымақтастық бағыты туралы да сөз қозғадық», – деді Александр Витальевич.