Павлодардың зиялы қауымы екі бірдей белгілі ғалым әрі талантты ұстаз Бари Жанахутдинов пен Светлана Шаймарданованың мерейтойларын атап өтті.

Б.Г. Жанахутдиновтың жарты ғасырлық ғұмыры университетпен тығыз байланысты. Осы оқу орнында ол студент атанып, Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры лауазымына дейінгі еңбек жолын жүріп өтті. Сондай-ақ, Бари Ғазизұлы Мәскеу автомеханикалық институтта кандидаттық диссертациясын үздік қорғап келіп, ПМУ қабырғасында жоғары білікті маман және ғалым ретінде табысты еңбек етті.  

Бари Жанахутдинов «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» марапаттарына лайықты деп танылған. Ал жерлестері алдындағы еңбегі  үшін «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелегісімен марапатталды.

Ғалымды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев құттықтады. 

Мерйтой иесін құттықтаған С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев жылы лебізін арнады: «Еңбек жолыңызда талай белеске шығып, ұжымның және достарыңыздың құрметіне бөлендіңіз. Ұстазы жақсының шәкірті үздік дейді атам қазақ. Сіз таңдаған жолыңызды абыроймен жалғастырып, қаншама тамаша шәкірттер  тәрбиелеп өсірдіңіз. Өзіңіз дайындаған нағыз кәсіпқой, үздік мамандардын техника саласында лайықты қызметтерімен мақтана аласыз». 

Мұнымен қоса, ғалымды облыстық кәсіподақ ұйымдары мен білім және ғылым саласының қызметкерлері де құттықтады. 

Сондай-ақ, мерейтойын белгілі тіл маманы, заманауи орыс тілінің синтаксисі, көркем мәтіннің лингвистикалық сараптамасы салаларының маманы Светлана Шаймарданова әріптестері арасында атап өтті. Филология ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті, профессор, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Павел Васильев атындағы сыйлығының лауреаты, жылдың үздік ғалымы (2010-2011 оқу жылы). 

С.К. Шаймарданованың мерейтойы – филологтар қауымдастығының  және ғалымның дәрістерін тыңдаған университеттің жүздеген филолог-бітірушілері үшін де керемет мереке болды. Бүгінге дейін Светлана Кәбиденқызының 70-тен аса ғылыми еңбектері білім алушылар игілігіне жарауда.