С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттер контингентін кеңейту мақсатында «Foundation» факультеті төрт жыл қатарынан табысты еңбек етіп келеді.

«Foundation» факультеті тарихының басталуы Павлодар индустриалды институтының ашылуымен байланысты. 1960 жылы институтта жұмысшылар қатарындағы талапкерлерді жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын дайындық курстары ашылды. Ал 2003 жылы дайындық курстары базалық сыныптармен қосылып жұмыс жасай бастағаннан кейін дайындық бөлімі жоғары оқу орнына дейінгі білім беру және кәсіптік бағдар факультеті болып өзгертілді.

2012 жылдың қыркүйегінде Болон үдерісінің негізгі басымдылығына бағытталған уақыт талабына сай жаңа форматта білім беру ортасын іске асыруға мүмкіндік беретін «Foundation» факультеті құрылды.

Факультет жұмысының ерекшелігі – университет үшін бәсекеге қабілетті талапкерлерді сапалы дайындау болып табылады.

Факультет жұмысының басты бағыты – білім алушылардың дайындық курстары арқылы ҰБТ мен кешенді тестілеуге даярлықтарын тереңдету, базалық сыныптарды бейінді оқыту, шетелдік қазақ диаспорасының өкілдері, оралмандар мен шетел азаматтарына тілдерді оқыту, қазақстандық білімге бейімдеу.

2014 жылдың қазан айында «Foundation» факультетінде алғаш рет шетелдік қазақ диаспорасы өкілдері, оралмандар мен шетел азаматтары үшін даярлық бөлімі ашылды. Бұл бөлімінің жұмыс мақсаты – ҚР жоғары оқу орындарына түсетін тыңдаушыларға жалпы білім беру дайындық деңгейін арттыру үшін жағдай жасау, сонымен қатар біздің мемлекетте өмір сүруге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінен шетелдік 50 тыңдаушы білім алды.

Сонымен қатар, «Foundation» факультеті ҰБТ мен кешенді тестілеуді тапсыруға дайындайтын кешкі дайындық курстары, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту курстары және базалық сыныптардағы бейінді оқыту арқылы қосымша білім беру қызметтерін көрсетеді.

«Foundation» факультетінің деканы Айжан Кудеринаның айтуынша, ҰБТ мен кешенді тестілеуге дайындайтын кешкі дайындық курстарында тыңдаушылар мектепте алған білімдерін жетілдіріледі, олардың білімдегі кемшіліктері анықталады және шыңдалады. «Факультеттің басшылығы мен оқытушылар құрамы білім алушыларының жетістіктерін мақтан етеді, себебі дайындық курстары тыңдаушыларының басым бөлігі мемлекеттік білім беру гранттарын иеленеді», – дейді.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша факультеттің барлық түлектері ҰБТ және кешенді тестілеуге сапалы дайындықтан өтті. Жалпы факультет бойынша 40 пайыздан аса білім алушылар мемлекеттік гранттарын иеленді. Сонымен бірге, дайындық курстары тыңдаушыларының басым бөлігі ары қарай білім алу мақсатында С. Торайғыров атындағы ПМУ-ды таңдайды.

Факультетте қазіргі уақытта жаңа оқу жылына қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Күндізгі және кешкі курстарға мектеп және колледж түлектері шақырылады. Талапкерлерді сапалы дайындық, университет пен мектептің ең үздік оқытушылары, апта сайын өтетін сынама тестілеу, болашақ мамандықтарын таңдауда және өз болашағын өзі анықтауда дұрыс бағыт беретін білікті де білімді мамандар күтеді.