С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы Жанболат Ахметов Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының марапаттары бойынша комиссиясының шешімімен «Жоғары білім саласындағы жаңашылдығы үшін» және Альфред Нобель атындағы медальдермен марапатталды.

«Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының» техникалық және физика-математикалық ғылымдар департаментінің шешімі бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Механика және мұнайгаз ісі» кафедрасының доценті Жанболат Ахметов жаңа баспақталған құралдарды құру саласындағы жарылыс арқылы жұмыс істейтін инновациялық өнертабысы үшін «Жоғары білім саласындағы жаңашылдығы үшін» алтын медалі және А. Нобель атындағы медалімен марапатталды.

Ғалымның жарылыс арқылы жұмыс істейтін баспақтың әлемдік деңгейде жалғыз авторы ретінде жазған ғылыми еңбегі, өнертабыстардың авторлық куәліктері мен патенттері Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының марапаттары бойынша комиссия мүшелерін қызықтырып қана қоймай, еңбектері өндіріске енгізу үшін инновациялық мүмкіншілігі зор деп те танылды.

Комиссия өкілдерінің ескеруінше, С. Торайғыров атындағы ПМУ өнертапқышының жұмысы қазіргі заманауи талаптарға сай. Аталмыш баспақтың құны қолданыстағы баспақтардың құнының жартысына ғана жетеді және технологиялық параметрлері мен өнімділігі қолданыстағылардан кем түспейді.

– Мен ойлап тапқан баспақтардың тиімділігі – бағасы төмен әрі өндірістік қуаты жоғары. Аймақта менің өнертабысыма сұраныс жоғары болса, ел экономикасының дамуына қосқан үлкен үлес болар деп ойлаймын, – дейді Жанболат Елемесұлы.

Сонымен қатар, Жанболат Ахметов 50-ден аса ғылыми мақалалардың, өнертабыстардың, авторлық куәліктер мен патенттердің, оқу-әдістемелік құралдардың авторы.