С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры Динара Есімова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның ең үздік оқытушысы» гранты бойынша бірнеше шетелдік мемлекеттерде тәжірибеден өтіп келді.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің «География және Туризм» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Динара Есімова Анталияның Туризм академиясының (Түркия, Анталия қ-сы) шақыруы бойынша ынтымақтастықтың бірнеше мәселелері бойынша тәжірибеден өтті. Оның ішіне қосдипломдылық, студенттердің тәжірибесін ұйымдастыру, оқытушылармен тәжірибе алмасу, студенттердің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру және т.б. мәселелерді енгізуге болады.

Динара Дәуітқызының айтуынша, қазіргі уақытта Туризм саласы шетелдің көптеген елдерінде жоғары дамып келе жатыр. «Сол мемлекеттердің туризм саласын дамыту бойынша тәжірибесімен танысу –университетімізде туризм менеджерлерін жоғары сапада даярлауға жақсы ықпал етеді»,– деп ойымен бөлісті.

Тәжірибе барысында Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы Түркияның алдыңғы қатарлы туристік үлгілерімен танысып, мамандарды даярлаудағы тәжірибесімен бөлісті. Мұнда Анталияның Туризм Академиясы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ және екі мемлекет арасында сыртқы экономикалық қатынастар үшін жоғары мамандандырылған кадрларды даярлау негізінде білім бағытын дамыту мен білім беруді жақсарту, ғылыми зерттеулер жүргізу, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер алмасу жөнінде келісім-шарт жасалынды.

Динара Есімова «Қазақстан мен Түркияның туризм саласында мамандарды даярлау және туризм индустриясын дамыту мәселелері бойынша» сертификатымен марапатталды.

Сонымен бірге Динара Дәуітқызы кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Францияның Париж қаласында өткен Көктемгі ғылыми конференциясына және «Халықаралық ұйымдар мен ғылыми бірлестік» атты көп пәндік тәжірибе жұмыстарына қатысып, үлкен педагогикалық тәжірибе жинақтап қайтты.

Конференцияға 120 мемлекет өкілдері қатысып, белсенді ғалымдарды КОНКОРД халықаралық академиясының корреспондент-мүшелігіне қабылдады. Өзінің кәсіби шеберлігін ғылыми-педогогикалық тұрғыда жақсы таныта білген Динара Есімова да академияның корреспондент мүшесі атанды.

Сонымен бірге, конференцияға дүниежүзінің ғалымдары мен EUROTIOM, Mer et Nature, VBI, China Ken, AutocarAJM, EUROPASIA, France-Kazakhstan және тағы басқа туристік ассоцияциялар мен фирмалардың өкілдері қатысты. Конференция барысында Батыс Еуропаның туристік дамыған мемлекеттері мен ғылыми, іскерлік, оқу және шығармашылық туризм бойынша ынтымақтастық жұмыстары талқыланды.

Аталмыш конференция аясында КОНКОРД халықаралық академиясы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ арасында халықаралық ғылыми, іскерлік, оқу және шығармашылық бірлестік жұмыстары бойынша келісім-шарт жасалынды. Болашақта осы келісім-шарт бойынша С. Торайғыров атындағы профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері біліктілігін арттыру және академиялық ұтқырлық бойынша іскерліктерін жетілдіре алады.