АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі білім беру және мәдениет мәселелері жөніндегі атташесі Эмбер Ора Торайғыров университетінде жұмыс сапарымен болды.  Эмбер еліміздегі дипломатиялық миссия аясында мәдени, білім беру және алмасудың кәсіби бағдарламаларын үйлестіреді. Олардың қатарында Фулбрайт, ФЛЕКС, Америкалық Бұрыштар, университеттер арасындағы серіктестікті дамыту бағдарламалары, Education USA орталықтары, сонымен қатар, өнер, музыка және спорттық дипломатия бағдарламалары бар.

Кездесу барысында қос тарап «English Language Fellow», «Fullbright Scholar Program» бағдарламалары бойынша серіктестік тетіктерін талқылады. Еске салайық, университет «English Access Microscholarship Program», «English Language Fellow» бойынша жобаларын табысты жүзеге асырды.

Біздің оқытушылар IVLP, ADA anniversary scholarship program бағдарламаларына қатысты. Қазіргі уақытта университет базасында Индиана университетімен бірге «STEM сабақтарында ағылшын тілі мен академиялық жазба саласындағы кәсіби даму» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жобаға халықаралық білім беру бойынша америкалық кеңес мұрындық болған.