Торайғыров университеті энергетика және компьютерлік ғылымдар факультетінің студенті Дина Афанасьева «Веб дизайн және әзірлеу» аталымы бойынша WorldSkills Eurasia жұмысшы мамандықтардың олимпиадасында бірінші орынға ие болды.

Сегіз жылдық тарихы бар жарыстың осы жолғы кезеңі алғаш рет онлайн форматта өтіп, 22 жасқа дейінгі шамамен 3000 жастың басын қосты. Жастар алты магистральдық бағытқа бөлінген 45 құзіреттілік бойынша  бақтарын сынады.

Чемпионат төрт модульден тұрды. Олардың әрқайсысын шешуге 3-6 сағаттық уақыт жұмсалды.

- Менің өз бағытым бойынша SPA веб-қосымшасын жасау, Wordpress-те сайтты бағдарламалау және API жазу, беттеу тапсырмалары болды», - дейді Дина Афанасьева.

«Веб-дизайн және әзірлеу» құзыреттілігі бойынша Ресей, Финдляндия, Армения, Иран, Румыния және Беларусь елдерінің студенттері қатысты.

«Торайғыров университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының м.а. Мейрам Бегентаев студентке жарыстың еуропалық кезеңіне қатысуға қолғабыс жасайтынын айтты.

«Дина - дуатлон бойынша облыстық жарыстардың қатысушысы. Бұл  еңбекқорлық пен мақсатқа жетудің үлгісі». Дина IT-салада бизнеспен айналысқысы келетін болса, ЖОО қажетті көмек көрсетуге әзір. Ол үшін тиісті инфрақұрылым бар», - дейді ол.

Еуразиялық чемпионаттағы жеңіс Австрияда өтетін еуропалық WorldSkills бәсекесіне қатысуға мүмкіндік береді. Жарыс 2021 жылдың қаңтарында өтеді.