Торайғыров университетінің командасы - ENACTUS KAZAKHSTAN Online National Expo 2020 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялардың ұлттық кубогінің чемпиондары.

 

Жастар жүзеге асырылған екі жобаны ұсынды. Алғашқысы - қаржылық сауаттылық пен стартаптарды дамытуға бағытталған оқушылар мен студенттерге арналған «Jaryq» атты білім беру онлайн-платформасы. Екіншісі - «Flux Z» желдеткіші. Құрал пайдаланған ауаны сыртқа шығарып, таза ауаны ғимаратқа кіргізеді. Ауа шаңнан және ұсақ қоқыстардан тазартылады, сонымен қатар, бактерицидті тазартуды жүргізеді. Оның артықшылығы - кез келген температурада қолдануға болатынында. Энергияны аз қолданады және бағасы арзан.

«Бизнес-модельдерді қолдана отырып, біз өміріміздің түрлі салаларын түрлендіру бойынша тұрақты шешімдерді әзірлеуге тырыстық. Біз енді ұлттық чемпион ретінде еліміздің намысын халықаралық дәрежеде қорғаймыз.  Бұл - біз үшін маңызды жарыс», - дейді Enactus Toraighyrov командасының капитаны Әділет Даутов.

Жастар биылғы жылдың бас жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, ENACTUS WORLD CUP 2021 әлемдік кубогіне бес билет ұтып алды.