С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы Аққулы ауданының Борлы қонысында өз жұмысын бастады.

Борлы қонысы бұл бірегей ескерткіш, оны зерттей отырып, біз осы аймақта орта неолит дәуірінде (б.з.д. VI-V мың ж.) өмір сүрген малшылар туралы көп мәлімет ала аламыз. Табылған заттар жылқылар мен сиырлардың қалай және қашан қолға үйретілгенін білуге мүмкіндік береді. Ескерткіштің мәдени қабатында көптеген сүйектер, керамика, тас және сүйек заттары бар, олардың ішінде утилитарлық заттар да, ежелгі өнер үлгілері де бар.

Геофизикалық зерттеулердің нәтижелерін тексеру үшін Борлыға Эксетер университетінің (Ұлыбритания) археология профессоры Алан Оутрамның жетекшілігімен сарапшылар тобы келді. Жүргізілген жұмыстар барысында тас құралдары, керамика және жануарлардың көптеген сүйектері бар мәдени қабаттардың қалдықтары анықталды. Құрылым қалдықтары тіркелді. 31 мамырда ғалымдар тобы Солтүстік Қазақстанға Ботай қонысына аттанды.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к. Виктор Мерц түсіндіріп өткендей, топтың міндеті – Ботайда және Борлыда анықталған құрылымдарды байланыстыру, олардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын табу. Археологтар изотопты талдауға үлгілерді іріктеп алады, сүйектердің бір бөлігі, атап айтқанда жылқы сүйектері генетикалық талдауға жіберіледі.

«Ботай жылқысының пайда болуының алдындағы немесе жас бойынша ботай жылқысының ерте түрін, сондай-ақ қазіргі заманғы жылқылардың ежелгі тұқымы болып табылатын ботай жылқысынан синташты түрге дейінгі аралық буындарды табу маңызды. Мұндай міндет біздің халықаралық топтың алдына қойылып отыр, ал зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда жарияланады», – деді В. Мерц.