2013 жылдың 4 – 7 сәуір аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің спорттық залында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында үстел теннисінен VII Жазғы универсиада өтті.

 Іс-шараны ашқан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің инновация және жаңа технологиялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д. Нұрлан Ержанов жастарға үлкен сенім артатынын айтып, республикалық VІІ Жазғы универсиаданы ашық деп жариялады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аймақтық дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының бастамасымен өткізіліп отырған универсиаданың мақсаты – жастардың денсаулығын нығайтып, спортқа баулу, ұлттық құрама командаларына жаңа, дарынды спортшыларды дайындау.

Универсиадаға құрметті қонақ ретінде қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бақытжан Абдрахманов айтуы бойынша қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда көзге түсуде. Елімізде спорт бұқаралығын арттыру – ортақ міндет. Және де Бақытжан Мұқатайұлы универсиада осы міндетті орындауға өз ықпалын тигізетінін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында үстел теннисінен VII Жазғы универсиадада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30 командалар, атап өтсек, Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Тараз, Ақтөбе, Өскемен, Атырау қалаларынан 13 ерлер және 17 әйелдер командалары қатысқан. Жалпы есеп бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың ерлер командасы 7 орынға ие болды, сонымен қатар университеттің әйелдер командасы 5 орын алды.