Алматы қаласында Орталық Азия мемлекеттері университеттері ректорларының форумы өтті. 
ЖОО делегациялары мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстанның ірі ұйымдарының өкілдері жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті міндеттерін талқылады. 

Тараптар Microsoft, QS, Elsevier, Clarivate Analytics компаниялары, Еуропа Кеңесінің өкілдері, Болон процесі топтарының бақылаушыларымен ынтымақтастық аясын кеңейтті. 

Еске сала кетсек, 2021 жылы Орталық Азия елдері мемлекеттерінің білім беру министрлері жоғары білім берудің Орталық-Азия кеңістігін құруға мұрындық болды. Сонымен қатар, Орталық Азия ЖОО-ларының Альянсын құру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Форум алаңында Тәжікстан және Өзбекстанның бес ЖОО-ларымен екіжақты келісімге қол қойылды. International Office директоры Айғаным Кәрібаеваның айтуынша, тараптар академиялық мобильділік, ғылыми кооперация мен білім беру платформаларына өзара қолжетімділік туралы келісті. 
«Шетелдік университеттер қауымдастықтарымен көпжақты келісімдерін дамыту – ЖОО-ның жүйелі басымдықтарының бірі. Сайып келгенде, бұл мемлекеттердің халықаралық кеңістіктері позитивті образын қалыптастырып, ұлттық қызығушылықтар үшін қосымша мүмкіндік береді». 
ToU ректоры Еркін Садықов сандық трансформациялаудың маңыздылығына тоқталып, оны зерттеу кеңістігіне интеграциялау турасында сөз  қозғады.
«Түрлі елдердің ғалымдары бір жоба бойынша жұмыс істесе, тиімділік жоғары болмақ. Әрине, университеттер бір бірімен бәсеке болу керек деген пікір бар. Бірінші кезекте серіктес болуымыз керек. Себебі, мақсат ортақ. Ол – аймақтық экономика үшін жоғары санатты маман даярлау. ToU өзге оқу орындарымен серіктес болғысы келеді. Оған қоса, Торайғыров университеті ынтымақтастық орнатуға әзір».