Айдана Жұмабекова Торайғыров университетінде «Туризм» мамандығы бойынша оқиды.

Биылғы жылы аймақтық байқаулар алғаш рет онлайн форматта өтті. Жұлдызды қазылар алқасы әр қаладан келген 10 финалистің анкеталарын қарады: фото және видео таныстырулар, Zoom-конференциядағы әңгімелесу. Көрермендер қазылар алқасының отырысы мен қатысушылардың әңгімелесулерін көру мүмкіндігіне ие болды.

Қатысушыларды әртіс Тәуекел Мүсілім, әнші Мадина Сәдуақасова, «Мисс Қазақстан-2013» және тележүргізуші Айдай Исаева, KFW негізін қалаушы, дизайнер, стилист AlexChzhen бағалады.

«Мисс Павлодар-2021» титулының 20 жасар иегері Айдана Жұмабекова өзі туралы айтты.

- Менің қазіргі мақсатым - университетті қызыл дипломмен аяқтау. Ата-анамның маған деген сенімі мол, олардың үмітін ақтағым келеді. Әр адам еңбек жолында тынымсыз жұмыс істеп, тырысу керек. Мен де сол адамдардың бірімін. Арманыма қол жеткізу үшін тырысып жатырмын. Мақсаттарым айқын, - дейді Айдана.

Айдана бұған дейін түрлі сән апталарында, фэшн-көрсетілімдерге қатысқан. Ол қазақ ұлттық киімдерінің дизайнері болуды армандайды. Психологияны ұнатады, бимен айналысады. Сонымен қатар, үш жыл бойы тоғызқұмалақ ойнаумен шұғылданады.

Еске салсақ, Мадина Батық пен Айзат Қожабаева «Мисс Қазақстан», «Мисс Павлодар» титулдарын ие болғанда Торайғыров университетінде білім алған.