Жоғары оқу орындарының жаңа ұйымдық-құқықтық нысанға – коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға көшуі оларға академиялық еркіндік пен дербестік береді. Сонымен қатар, бұл басқарудың жаңа корпоративтік тетіктерін енгізуді талап етеді, олардың бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс болып табылады.

 

Торайғыров университетінде сондай-ақ комплаенс офицер лауазымы бекітілді, оған «Болашақ» бағдарламасының түлегі, саяси ғылымдар кандидаты Серік Ілиясов тағайындалды. Бүгін ол Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Назымбек Бекжановтың қатысуымен «Antikor.live» тікелей эфирдің қонағы болды.

Кездесу барысында олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша комплаенс-офицердің негізгі қадамдарын қозғады. Олардың ішінде емтихандардың онлайн трансляциясын (прокторинг) енгізу, «Таза сессия» акциясы аясында студенттердің анонимді әлеуметтік сауалнамасын тұрақты негізде өткізу, ашық конкурстық рәсімдер негізінде жатақханалардағы орындарды, бос гранттарды бөлу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысушыларды анықтау. Жақын арада университеттің комплаенс-қызметі «ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі» халықаралық стандартын енгізуді жоспарлап отыр.