«Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттік қозғалысының белсенділері ҚР БжҒМ-нің бұйрығымен облыстың жоғары оқу орындарында болып, дәстүрлі оқу үрдісіне дайындығын бағалады

Оқу орындарының «Ashyq» жүйесіне қосылуын, оқу ғимараттары мен студенттік кампустардағы QR-кодтардың орналастырылуын тексеріп, санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтауға баса назар аударды.

Бағалау критерийлеріне оқу корпустары, кітапханалар, оқу залдары, студенттік үйлер мен спортзалдардың дайындығы кіреді. Сумен қамтылу, интернет, дезинфекциялық аркалар, дезинфекциялық кілемшелер, қашықтықтық белгілер, дене температурасын бақылауға арналған құралдар, антисептиктер (әр қабатта, әр сантораптарда), дезинфекциялық шараларды өткізу кестесінің болуы, бетперде режимін сақтау жағы қадағаланды.

Бүгінгі күні облыста 16 мыңнан астам студент білім алады. Облыстық штаб көшбасшысы Ажар Аманжолованың айтуынша, қазіргі уақытта вакцина алған студенттердің саны күннен күнге артып келеді.

«Торайғыров университеті студенттерінің 51,6%,-ы, ИнЕУ студенттерінің 45,5%-ы екпе алды. Вакцина алу ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажет. Оқу орындары екпе алған студенттер үшін ынталандыру шараларын қолға алғаны қуантады. Бұл - өзекті әрі уақытында қолға алынған шара», - дейді ол.