С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұжымы композитор, әнші, педагог және профессор Назымбек Дүкенбайдың 70 жылдық мерейтойын атап өтті.

Шараға музыканттар, шығармашылық қауымдастық өкілдері мен профессордың шәкірттері қатысты.

Назымбек Дүкенбай – 50 ғылыми еңбек, әндер жинағы мен музыка пәніне арналған хрестоматияның авторы. Мерейтой иесі шығармашылығы мен педагогикалық қызметінде халқымыздың ұлттық өнерін арқау етіп, келер ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат тұтты. Назымбек Дүкенбайдың өмірбаяны Қазақстан мұғалімдерінің Даңқ залында орнатылған және электронды энциклопедияға енгізілген.

Университеттің профессорының көптеген марапаттары бар. Еңбегі еленген ұстаз Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі, «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалі, «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. Сонымен қатар, Назымбек Дүкенбай - Қазақстан жоғары оқу орындары арасында «Үздік музыка мұғалімі» байқауының бас жүлдесі және «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.

Музыкант қазіргі замандағы әндерге ерекше мән беретінін жеткізді.

- Бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық ән жаздым. Олардың 200-і балаларға арналған. Әндерімді жинақ ретінде CD-дискілерге жазып шығаруға тырысамын. Ал кітаптарымды безендіруге павлодарлық суретшілердің туындыларын қолданғанды жөн көремін», - дейді Назымбек Сәбитұлы.

Шара барысында ПМУ гуманитарлық-педагогикалық факультетінің студенттері Назымбек Дүкенбайдың өмір жолы туралы ерекше толғаныспен айтып, мерейтойымен құтықтады. Мереке аясында мерейтойы иесінің шығармашылығына арналған көрме де ұйымдастырылды.