С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері әйгілі қазақ ақыны С. Торайғыровтың 125 жылдығына орай «Қамар сұлу» романы бойынша қойылым қойды.

«Мұрагер» студенттік шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Бәкіжан Кәкім айтқандай, спектакльге дайындық екі айға созылды. Бұл ретте жұмысқа 40 адам қатысты.

«Бізге өте қиын болды, өйткені бізде кәсіби сценаристер, режиссерлер мен актерлер жоқ, сондықтан барлық еңбекті шығармашылық бірлестіктің балалары орындады. Бірақ, біз өз жұмысымызбен романды нақты түрде көрсетіп қана қоймай, көрермендерге шығарманың мәнін де жеткізе алдық деп үміттенемін» - деп, Б. Кәкім өз ойымен бөлісті.

С. Торайғыровтың 1914 жылы жазған «Қамар сұлу» романы Қамар мен Ахметтің махаббат тарихы туралы әңгімелейді.

Сонымен қатар, онда автордың әйел құқықтарын қорғаудағы айқын ұстанымы көрінеді – ақылды және әдемі қыздың трагедиясы арқылы мейірімділікке деген табиғи адами ұмтылысқа жат зорлық-зомбылық пен әділетсіздік сыналады.

Ұжым өз қойылымдарын алдағы уақытта қала және аудан мектептерінде қоюды жоспарлап отыр.