С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Павлодар қаласы мен Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Мұхит Омаров 70 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мерейтой иесін құттықтауға ғылыми қауымдастық өкілдері, журналистер мен Мұхит Омаровтың шәкірттері жиналды.

Мұхит Мұрсәліұлының еңбек өтілі 50 жылдан асады. Бүгінгі күні мерейтойы иесі 25 жылдан астам уақыт бойы ПМУ студенттеріне дәріс оқып, білімімен бөлісуде. Ол мәдениет, білім беру, спорт салаларында тынымсыз еңбек етті. Мұхит Омаровтың мұрындық болуымен Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ашылып, қазақ ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Ал ғылыми еңбекте 50-ден астам монография жазған.

1988-2011 жылдар аралығында облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде бас редактор болып, басылымның таралымын 3 мыңнан 40 мың данаға дейін көбейтуге атсалысты. Нәтижесінде оқырмандар саны да артты.

ҚР Журналистер одағы аймақтың өкілдігінің төрағасы Юрий Поминов құттықтау сөзінде Мұхит Омаровтың жетекшілігімен құрылған бас редакторлар клубы төртінші билік өкілдерінің күшін біріктірудегі сүбелі үлесіне тоқталды.

«Мұхит Омаровтың облыстық және отандық журналистикасына сіңірген еңбегі зор», - дейді Юрий Дмитриевич.