С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын студенттер облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

Диалогтік алаңда «Серпін-2050» бағдарламасының қатысушыларын еңбекпен қамту және жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды.

Павлодар аймағында бұл бағдарлама бойынша 1677 студент оқиды. Биылғы жылы 413 студент оқуларын тәмамдайды. Олардың 267 ПМУ-де білім алады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары, сондай-ақ, Ұлттық банк сарапшылары студенттерге қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда жастарды тұрғын үй сатып алу және еңбекпен қамтылу мәселелері алаңдатады.

Кездесуге келген азаматтар «Дипломмен - ауылға», «7-20-25» және көші-қон бағдарламаларына қызығушылық танытты. Студенттер аймақаралық көші-қон бағдарламасының артықшылықтары мен мен мемлекеттік қолдау туралы әңгімеленді. Қазақстан өңірлері арасында көшіп келетін азаматтарға қоныс аудару бойынша материалдық көмек, жұмыспен қамтылу бойынша көмек көрсетіледі және тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық төлемдер бойынша шығындар өтеледі.

Жастар, сонымен қатар, жастар бастамаларын дамыту қызметінің құрылымымен танысып, барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алуға болатынынан хабардар болды.