«Қазақстанның қасиетті географиясы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде Баянауыл ауданының Торайғыр көлінің жағасында «Қасиетті саяхат» атты пленэр өтті. Шараға С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті сәулет-құрылыс факультетінің оқытушылары Жұлдыз Тәниева мен Зура Асылғазина қатысты. Пленэрді ұйымдастыруға Павлодар облытық мәдениет басқармасы мен облыстық көркемсурет музейі мұрындық болды.

Айта кетейік, өңіріміздің қасиетті жерлері туралы кешенді мағлұмат беру мақсатын көздеген «Қасиетті саяхат» аясындағы бұл шара Баянауыл ауданынан бастау алды. Бұл шара туған жеріміздің бай тарихын насихаттап, тарихи жерлердің рухани құндылығын келер ұрпаққа мұра ретінде қалдыруға сеп болмақ. Жобаның негізгі мақсаты – осы.

Нәтижесінде Ертіс-Баянаула өңірінің тарихи-мәдени мұрасы павлодарлық қылқалам шеберлерінің шығармашылығына арқау болады. 

Пленэр қорытындысы бойынша шеберлердің туындылары «Ұлы Дала Елі» этнофестивалінде өтетін көрмеге қойылады.