Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Азаттық таңы – Алаштың жаны» атты студенттер арасындағы республикалық ақындар айтысы өтті.

Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналып отырған биылғы айтыстың ақтық мәресіне Қазақстанның әр аумағынан 10 үздік жас ақындар қатысты. 

Айтысты құттықтау сөз сөйлеп ашқан С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев жас ақындарға жыр додасында сәттілік тіледі.

«Айтыс – қазақтың дәстүрлі мәдениетінің асыл мұрасы. Ғасырлар бойы халқымыз ақындарды құрметтеген. Өйткені, олар ел арасындағы өзекті мәселелерді қозғап, қоғамдағы түйткілді елдің басшыларына жеткізіп отырған. Осындай айтыс секілді ұлттық құндылығымыз бүгінгі күнге дейін жетіп, сіздердей жас ұрпақтың бойына дарығаны бізді қуантады. Бүгінгі шараның мақсаты жастар арасында айтыс өнерін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, жас ақындардың шығармашылық қабілеттерін ашып, ынталандыруды көздеді», – деді Арман Айтмұхаметұлы. 

Университет қабырғасында осымен екінші мәрте өтіп жатқан студенттер арасындағы ақындар айтысына Астана, Қостанай, Қызылорда, Тараз, Семей, Павлодар жоғары оқу орындарының айтыскерлері бақтарын сынады. 

Астаналық жас айтыскер Нұрқанат Қайрат айтыстың жеңімпазы атанды. Екінші орынды қызылордалық Сырым Әділбеков иеленді. С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің намысын қорғаған Мәрес Байрон үшінші орынға ие болды. 

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнайы жүлдеге семейлік жас айтыскер Қуандық Кенжебек лайықты деп танылды. 

Айтысқа қатысқан басқа да ақындар сый-сияпатсыз қалмады, қаржылай сыйлықтар барлығына да табыс етілді. 

Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Арман Қани төрағалық еткен әділқазылар алқасының ескеруінше, Павлодар мемлекеттік университетінің қабырғасында өткен жас ақындардың айтысы өз мұратына жетті, айтыскерлер тарапынан жастар арасындағы өзекті мәселелер қозғалды, жастар мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар жарияланып, тұщымды ойлар да айтылды.