ҚР Суретшілер одағының мүшесі, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Архитектура және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Майса Ықыласованың Павлодар облыстық көркемсурет музейінде мерейтойлық дербес көрмесі ашылды.

Майса Ықыласова еңбектерінің тартымдылығы суретшінің қолданатын ерекше техникасына байланысты. Бұл жұмыстарындағы оған негізгі көмекші болатын құралы – киіз. Киізбен суретші төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеуде. Суретшінің айтуынша, киізбен жұмыс жасау өнерін ол әжесінен меңгерген, және ол өзін киізден өнер туындысын жасаудың өзіндік техникасын алғаш қолданған шебер санайды.

Таңқаларлығы, қолөнер шеберінің жұмыстарында акварельді қолданғаны байқалмайды, жіп-жіңішке көмкерілген әрбір өрнек бір-бірін толықтырып тұрады. Суреттердегі дәстүрлі бояулар орнына бедерленген боялған қой жүні туындыға ерекше көркемдік береді.

«Қой жүнін жабағылаудан кейін, суретке салып отырғанда одан не шығатыны беймәлім. Кейде материалдың өзінің бір ойы бардай өз дегенін бедерлейтіндей», – дейді М. Ықыласова.

Масйа Ықыласова киізбен жұмыс істеу техникасының негізі мен ерекшелігін Ұлы дала көшпенділерінің байырғы дәстүрі мен өнерінен тамыр жайғанын мақтан етеді.