Жуырда С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, белгілі сазгер Назымбек Дүкенбайдың «Өзіңе мен асқақ әуен арнадым» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазағым. Елім. Жерім» музыкалық шығармасының тұсауы кесілді.

Дарынды сазгер, ұстаз Назымбек Дүкенбай ұрпақ тәрбиесіне сеп болатын тарихи, мәдени мұраларды және ұлттық рухани құндылықтарды өз шығармаларына арқау етеді.

Кездесуде қазақстандық белгілі ақындардың сөзіне жазылған Қазақстан Тәуелсздігінің 25 жылдығына, Қазақ хандығының тарихына («Керей мен Жәнібек», «Бөгенбай батыр», «Қазақ елі») арналған шығармалары мен балалар әндері орындалды.

Кеште Павлодар облысының өнер сүйер және шығармашылық қауымы қонақ болды. Көпшілік назарына сазгердің шығармашылығына арналған «Келеміз жүзіп өнер айдынында» деп аталатын кітап көрмесі ұсынылды.

«Бұл кездесуге жас дарынды музыканттар келгеніне қуаныштымын. Студенттік жастар – біздің ең тұрақты көрермендеріміз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағы жастардың қолында екенін әрдайым айтады, сол себепті, жас буынның рухани тәрбиесі – маңызды бағыттардың бірі саналады. Ал, бүгінгі менің тұсаукесерімді облысымыздың мәдениетіне, өнеріне қосқан үлесім деп білемін», – деді Назымбек Сәбитұлы.