С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің магистранты Ақмарал Бейсембаева халықаралық «Үздік ғылыми эссе – 2016» байқауының (Ресей, Мәскеу қ.) жеңімпазы атанды.

Халықаралық бәйгеде Ақмаралдың еңбегі сынға түскен 60 жұмыстың ішінен үздік деп танылды. «Олимп» халықаралық ғылыми орталығының мұрындық болуымен өткен додада  Ресей, Қазақстан және басқа да ТМД мемлекеттерінің қатысушылары бақтарын сынады.  

Қазақстан тарихы кафедрасының магистранты Ақмарал Бейсембаеваның «ХХ ғасырдағы Қазақстан» атты ғылыми зерттеу жұмысы Алаш партиясы бағдарламасының идеясына арқау болды. 

Ақмаралдың пікірінше, Алаш партиясының бағдарламасы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешуге бағытталды. Жас ғалымның айтуынша, Алаш партиясының идеялары 1936 жылғы КСРО Конституциясы мен 1995 жылғы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясында бейнеленген. 

– Әр халықтың, әр мемлекеттің өзіндік тарихы болады. Ал біз жаһандану заманында тұрақты мемлекет ретінде өз еліміздің  тәжірбиесімен бөлісе аламыз. Құқықтық, тәуелсіз мемлекет құрудың бастауында тұрған алашордашылардың бүгінде арманы орындалды, – дейді Ақмарал Бейсембаева.     

Айтулы ғылыми эссе «Заманауи ғылыми зерттеулер және жобалар» («Современные научные исследования и разработки») ғылыми жұмыстардың электрондық жинағында  ISBN, УДК, ББК және сілтемелік индекстермен  (РИНЦ) жарияланды.