С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ұлы Жеңіс күні құрметіне мерекелік шара өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Арман Ақышев тыл ардагерлерін құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. «Сіздердің жанкешті ерліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің алдында басымызды иеміз. Ардагерлерімізге Ұы Жеңіс үшін рахмет! Сіздердің сонау жетпіс жылдан астам уақыт бұрын Жеңіс туын асқақтатқандарыңыз бүгінгі ұрпақты халық алдында, Отан алдында адал қызмет етуге міндеттейді», – деді Арман Айтмұхаметұлы. 

Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Г. Жанахутдинов және Кәсіподақ кеңесінің төрайымы Г. Шамшудинова тыл ардагерлерін құттықтады. 

Ертістің Павлодар өңірінің белгілі өлкетанушысы, Павлодар қаласының құрметті азаматы, т.ғ.к., тыл ардагері Мария Тереник  жастарға алғысын жеткізе отырып, ақылымен бөлісті: «Жастардың елінің өткенін білмеуі – үлкен қасірет. Ал тарихты бұрмалағанда сол уақытта өмір сүрген біздердің жүрегімізге ауыр тиеді. Сондықтан, ата-апаларыңның Отанымыздың болашағы үшін жасаған ерлігін еш ұмытпаңдар». 

Кездесуде С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттік филармония әншілері мен студенттер Жеңіс әндерін шырқап, ержүрек аталарымыз бен апаларымыздың ерлігіне тағзым етті. Бұл күні әсем әуен, сый-сыяапаттар, ыстық лебіздер мен мерекелік дастархан қарияларымыздың көңілін жадыратып, шаттыққа бөледі.