С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мұражай кешені «Мұражайдағы түн» шарасын өткізді.
Бұл күні университетте бес арнайы мұражай алаңдары жайғасты. Бірінші алаңда күй атасы – Қорқыт ата иелік етті. Бұл алаңда қонақтар Қорқыт бабаның ғұмырнамасы мен күйлері туралы мәліметке қанық болды.
Екінші алаңда қазақтың қасиетті қара домбырасы орын тепті. Бұл кезеңде оқушылар домбыраның шығу тарихы мен аңыздарын естіп, домбыра жайында көп мәлімет алды.
Келесі алаңда киізі үй бейнеленді. Мұнда балалар көшпенді халықтың баспанасы – киіз үйдің құрылымы мен жабдықтары турасында терең ақпар алды. Сондай-ақ, бұл алаңның иесі қонақтарға бесіктің тәрбиелік мәні мен тарихы туралы әңгімелеп берді.
Ал кейінгі алаң қазақ батырына қажеттінің бар дүниесімен жабдықталған. Мұнда оқушылар сарбаздың бес қаруымен танысты. Олар ата-бабаларының жаумен шайқаста қолданған жақ, оқ, семсер, қылыш, найза, айбалта және шоқпар сынды қару түрлерін танып-білді.
Ал соңғы кезеңде қонақтар шеберлердің қожалығына өтті. Бұл алаңда мұражайдағы әшекей бұйымдар қонақтар назарына ұсынылды. Бұдан өзге, сәулет және құрылыс факультетінің студенттері өз қолдарымен жасаған әшкей бұйымдарын көрсетіп, олардың жасалу жолдарымен таныстырды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ мұражай кешені Павлодар облысындағы жас мұражайлардың бірі болғанымен ол-мәдениеттік мұра сақтаушы ретінде көпке мәлім. Мұражай кешені университеттің құрылғанынан бастап бүгінгі күндерге дейін білім орданың ғылыми-білімдік, мәдени-ағартушылық, қоғамдық жақтарын паш етіп келеді. Мұражай кешенінің құрамына 9 мұражай кіреді: Павлодар облысы ғылымының тарихы мұражайы, қазақ этнографиясы мұражайы, техника тарихының мұражайы, геологиялық мұражай, Ә. Марғұлан атындағы археологиялық мұражай, Павлодар мемлекеттік университетінің тарихының мұражайы, «Дос-мұқасан» ВАА-ның шығармашылығына арналған мұражай, Қазақстанның минералды-шикізат базасының мұражайы, жәндіктер мұражайы.
– Бұл шараның мақсаты университеттегі қазақ этнографиялық мұражайы экспонаттарымен жоғары сынып оқушыларын таныстыруды көздеді. Ал қазақ мәдениеті мен тарихының жаршысы ретінде С. Торайғыров атындағы ПМУ осылайша мектеп оқушыларына есігін айқара ашты, – деді С. Торайғыров атындағы ПМУ мұражай кешенінің басшысы Гүлнәр Рахимжанова.