С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Журналистика» кафедрасының студенттеріне Павлодар өңірінің білікті журналистері шеберлік сыныптарын өткізді.

Шеберлік сыныптар Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, «Журналистика» кафедрасының профессоры Жеңіс Мананбаевтың бастамасымен өтуде.

Болашақ тілшілердің шеберліктерін «Астана» телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі Александр Вервекин, «24 kz» телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшілері Ербол Әбішев пен Қарлығаш Қасиетова, Қазақстанның құрметті журналисі, «Альта – ТВ» телестудиясының негізін қалаушы әрі жетекшісі, бірқатар кітаптардың авторы, деректі киноның шебері Анатолий Чернятевич, Канада фото өнерінің ұлттық ассоциациясының (NAPA – CANADA)  мүшесі, ресейлік «Фото ИТАР-ТАСС» ақпараттық агентігінің Қазақстандағы фото тілшісі, «Звезда Прииртышья» облыстық газетінің комментаторы Владимир Бугаев шыңдады. 

Журналистика саласының ардагері Анатолий Чернятевич студенттерге журналист мамандығының қиындығы мен қызығы мол кәсіп екенін ескертті. Шебердің айтуынша, тілшінің барлық кәсіп иелерімен ортақ тіл табысуының өзі қызыққа толы дүние. 

Ербол Әбішевтің айтуынша, тілші қоғамдағы кез келген мәселенің шешілуіне ықпал ете алады. Ол жас тілшілерге журналист кәсіби біліктілігін қоғамдағы түйткілдердің шешілуіне жұмсау қажеттігін айтады.

Танымал фото тілші  Владимир Бугаев фото тілшінің кәсіби жолындағы қиындықтарға тоқталып, бұл кәсіптің өлшеусіз ерекше сәттер сыйлайтынын жеткізді. Сондай-ақ, студенттер оның әлемнің 17 мемлекетіндегі фото көрмелерінде қойылған белгілі жұмыстарымен танысты. 

  Александр Вервекин шеберлік сыныбында журналистика саласының қиындықтарына баса назар аударды. Ол ел басына күн туғанда журналист алғаш болып қиындыққа бетпе-бет келіп, шынайы ақпаратты беруге ұмтылуды бәрінен маңыз санауы тиіс екенін айтты. 

Қарлығаш Қасиетова өз шеберлік сыныбын республикалық теле арналарындағы тілшілік қызмет, жұмыс әдістері, ұйымдар мен құрылымдарға арнады. Тәжірбиелі журналистің шеберлік сыныбы студенттердің теле журналистикаға деген қызғушылығын арттыра түсті.  

Жеңіс Мананбаевтың айтуынша, бұл кездесулер болашақ тілшілердің кәсіби біліктілігн арттыру мақсатын көздеді. 

– Болашақ тілшілер Павлодар өңірінің танымал журналистерімен кездесіп, заман талабына сай пайда болған осы кәсіптегі жаңа бағыттардың қыр-сырына қанық болды. Кәсіби  мамандардың шеберлік сағаттары студенттерді кәсіби жетілдіріп қана қоймай, олар болашақта журналистиканың қай арнасында жұмыс істей алатындығы туралы нақ білетін болады. Оның үстіне олар кәсіби қабілет-қарымын, білімін сол арнаға жұмсайды, – дейді Жеңіс Исаұлы.