Торайғыров университетінде халықаралық QS Ranking рейтингінің негізгі бағыттарын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шара барысында университеттің күшті және әлсіз тұстарын талдау, сондай-ақ оларды одан әрі жетілдіруге бағытталған стратегиялық тәсілдерді әзірлеу мәселелері қарастырылды. «Дөңгелек үстел» жұмысына факультет декандары, декан орынбасарлары (ғылыми жұмыс жөніндегі), Стратегиялық жоспарлау және сапа менеджменті орталығының басшысы, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы қатысты.
Өздерінің кәсіби тәжірибелерімен және практикалық ұсыныстарымен арнайы шақырылған шетелдік сарапшылар - Қаид-и-Азам университетінің профессоры, А.К. Хан атындағы Материалтану және озық ғылымдар институтының директоры Зия Ур Рехман(h-index 37) және Абдул Вали Хан университетінің профессоры Ниаз Мухаммад(h-index 23) бөлісті. Олар университеттің рейтингтік көрсеткіштерін арттыруда халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен жарияланымдық белсенділіктің маңыздылығын атап өтті.
Талқылау барысында серіктес университеттермен ынтымақтастықты кеңейту, Scopus деректер базасындағы ғылыми мақалалардың дәйексөзделу деңгейін арттыру, шетелдік ғалымдармен бірлескен жарияланымдарды дамыту және халықаралық индекстелетін журналдарда жариялау, шетелдік студенттермен кері байланыс тетіктерін нығайту, кафедраларға шетелдік профессорларды тарту, бірлескен білім беру бағдарламаларының және басқа да стратегиялық маңызды бағыттардың позицияларын күшейту мәселелері қаралды.
«Дөңгелек үстел» жұмысы Халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Бибігүл Ақшулақованың жетекшілігімен семинар форматында жалғасты. Ол өз баяндамасында Erasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктері туралы, соның ішінде ЖБӘАЖ жобаларына, Jean Monnet, Erasmus Mundus Joint Degree және Erasmus Mundus Design Measure жобаларына қатысу жолдары жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Өткізілген іс-шара тәжірибе алмасуға, стратегиялық басымдықтарды талқылауға және университеттің халықаралық қызметін нығайтуға арналған маңызды алаңға айналып, оның бәсекеге қабілеттілігін және жаһандық рейтингтердегі позицияларын арттыруға бағытталды.




