М. Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен тарихшы-педагогтардың республикалық съезі өтті.

Шараның жұмысына Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Мәди Рахимов қатысты.
Секциялық отырыстарда тарих пәнін оқыту мәселелері талқыланып, мектеп бағдарламасын жаңарту қажеттілігі туралы айтылды. Министр өз сөзінде Президенттің тарихи ғылымға қатысты тапсырмаларды жүктегенін айтып, ҚР БжҒМ жоғары оқу орындарының оқытушыларымен бірге Қазақстан тарихы бойынша академиялық көптомдық пен Қазақстанның тарихи ғылымының дамуы концепциясын жасау бағытында белсенді жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
Министрдің айтуынша, тарих, мемлекет және құқық институттары гранттар аясында ғана емес, тұрақты түрде қаржыландырылуын қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгертулер енгізілгенін тілге тиек етті.
 – Бұл – ғалым-тарихшылардың ғылыми зерттеулер сапасын дамыту үшін үлкен қолдау, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Съезд қорытындысы бойынша тарих оқулықтарын қайта басып шығару, типтік бағдарламаларды жаңарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын нығайту жөнінде резолюция қабылданды.