Қазақстан Республикасының автокөлік тасымалдаушылары және экспедиторлары қауымдастығының басқарма төрағасы Серік Әліғожинов С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, машинажасау және көлік факультетінің деканы, техн.ғ.к., профессор Төлеуғазы Тоқтағановты көлік саласына үлес қосқаны үшін «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен марапаттады.

Серік Қарабатырұлының айтуынша, Төлеуғазы Төкілұлы өзінің қажырлы еңбегімен, ғылымға деген адалдығы және өз ісінің кәсіби біліктілігімен қазақстандық көлік саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.  

Кездесу барысында Серік Әліғожинов С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың 55 жылдық мерейтойымен құттықтап, университеттің құрылып, қалыптасқан жылдарынан сыр шертті. Қонақ көпшілікке оқу орданың қабырғасынан білім алып шыққан әрі еліміздің дамуына зор септігін тигізіп жатқан белгілі тұлғалар турасында да әңгімелеп берді. 

Серік Қарабатырұлы өз сөзінде еліміздегі ірі техникалық жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуын сапалы оқытушылар құрамының еңбегімен байланыстырды. Сондай-ақ, қонақ білім ошағына профессорлық-оқытушылар құрамы кеңестік елдерден және елліміздің білікті мамандары әрі үздік түлектерімен толығып отырып, Павлодарда ғылыми элита қалыптасқанын айтады. 

– 55 жыл бұрын құрылған Павлодар индустриалды институты еліміздің индустриялы орталығы ретінде дамуына зор үлес қосты. Павлодар аумағында ашылған кәсіпорындарға халық шаруашылығының барлық бағыты бойынша жоғары білікті мамандарды осы жоғары мектеп даярлап келді. Өңірдің ғылыми қауымдастығының еңбектері Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде мойындалып, бағаланды. Оқу орда ғалымдарының ерен еңбектерінің арқасында университет бүгінгі мәртебесіне қол жеткізді деп есептеймін, – деді құрметті қонақ. 

– С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, машинажасау және көлік факультеті аймақтағы көлік мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны. Факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы сапалы мамандарды дайындауға қашанда зор мән береді. Жоғары оқу орнының ең алғашқы құрылған факультеті ретінде біздің ұжым жарты ғасырдан астам уақыттан бері қалыптасқан игі дәстүрлер мен заманауи жаңашылдықты тамаша ұштастыруда, – деп факультет жетістіктерін баяндады Төлеуғазы Төкілұлы.