С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «БАҚ қоғамдағы құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру құралы ретінде және халықтың сыбайлас жемқорлыққа сана-сезімі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға Қазақстан Республикасының Байланыс ақпараттандыру және ақпарат Комитеті мен Еуропа құқығы және адам құқықтары жөніндегі Институты бірлесіп мұрындық болды.

Аталған іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде қоғамдық пікірге байланысты нөлдік төзімділікті белсенді және конструктивті қалыптастыру мәселесі талқыланды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» Жолдауындағы тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділік» қалыптастыру қағидасы қоғамның басты міндеттерінің қатарына енді. «Біз бұзақылыққа, мәдениетсіздікке төзбеуіміз керек, себебі, бұл қоғамдық тыныштықты бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді» деген Елбасының осы сөзін берік ұстанған дөңгелек үстел қатысушылары да қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларды сын садағына алып, оны шешу жолдарын қарастырды.

Шараның модераторы – заң ғ.д., профессор, республикалық «Человек и Закон» заң газетінің бас редакторы Марат Башимовтың айтуынша, бүгінгі таңда қоғамда көптеген жағымсыз жағдайлар орын алуда, әсіресе жемқорлық кең қанат жайып барады. «Уақыт өзгерген сайын қылмыс та өзгеріп сала бермек. Сол себепті БАҚ өкілдері, ішкі істер департаменті, дін өкілдері және т.б. ұйымдар бірлесе отырып жұмыс жасағанымыз абзал», – деп БАҚ өкілдерін халыққа нөлдік төзімділік және жемқорлыққа қарсы күрес идеясын дұрыс әрі қарқынды жүргізуіне ұсыныс білдірді Марат Советұлы.

Сонымен қатар дөңгелек үстел қатысушылары С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың жемқорлыққа қарсы жүзеге асып жатқан бағдарламасы мен нөлдік төзімділікті халыққа насихаттау бойынша атқарылып жатқан іс-шараларымен де танысып, талқылады. Бұл оқу ордасында жемқорлыққа қарсы күрес және нөлдік төзімділік идеялары Павлодар мемлекеттік университетінің медиаорталығында шығатын «СМС+», «Білік» газеттері беттерінде жарияланып, ПМУ FM радиосы арқылы таратылады. Медиаорталықтың студенттермен бірлесіп атқарып жатқан бағдарламасы мен іс-шаралары қатысушылар арасында үлкен қызуғушылық тудырып, олар С.Торайғыров атындағы ПМУ тәжірибесін басқа жоғары оқу орындарына таратуды жөн көрді.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік Ассамблеясының төрағасы, ғылыми кеңестің мүшесі Рамиль Смаилов өз сөзінде адамдардың бойындағы нөлдік төзімділікке тоқталып, «Жемқорлыққа жол жоқ» бағдарламасын жүзеге асыру керектігін баса айтты. «Өңіріміздегі ешбір жоғары оқу орындарында С. Торайғыров атындағы ПМУ медиаорталығындай ақпараттық орталық жоқ. Осы орталық арқылы біздер, студенттер, жемқорлыққа қарсы идеяларымызды тарата аламыз», – дейді Рамиль.

Павлодар мемлекеттік университетінің білім беру порталында «Stop жемқорлық!» бөлімі жұмыс жасайды. Мұнда университеттің жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан күрес бойынша барлық ақпарат жарияланып тұрады. Жыл бойы жемқорлыққа қарсы күрес жоспары түрлі дөңгелек үстелдер, конференцияларды, форумдарды ұйымдастыру, дәрістер өткізу формасында жүзеге асады.