Бүгін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев қала және облыстың бірқатар мектептерінің түлектерімен кездесіп, оларға салтанатты түрде Ұлттық бірыңғай тестілеудің сертификаттарын табыстады.

Салтанатты жиынға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қабырғасында Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған қала және бірнеше ауданның мектеп оқушылары қатысты. Сонымен ұстаздар, студенттер және оқытушылар да болды.

Биылғы жылы Павлодар облысының 3 мыңға жуық мектеп түлектері ҰБТ тапсырса, оның 600-ге жуығы тестілеуді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде тапсырды. Шара түлектерге С.Торайғыров атындағы ПМУ жайлы бейнефильм көрсетуден басталды. Фильм арқылы түлектер білім ордасының құрылу тарихы, тыныс-тіршілігі және факультеттердің өмірінен хабардар болды.

Арын Амангелдіұлы түлектердің көкейінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап беріп, олармен ашық диалог алаңын құрды. Бірқатар түлектер өз ұсыныстарын жасап, оның шешілу жолдарын да талқылады. Әрбір оқушы өзінің жинаған баллдары бойынша грантқа түсу жолдарын, студентке университетте жасалатын жеңілдіктер мен мүмкіншіліктер жайлы сөз қозғады. Көптеген оқушылар белгілі бір мамандыққа оқу бүгінгі күні аздық ететінін айтып, университетте ашық дәрістерді ұйымдастыру керек деген ұсынысты айтты. Арын Амангелдіұлы бұл ұсынысты бірден қолдады. «Алдағы уақытта оқытушылардың рейтінгісі жасалып, рейтінгісі жоғары оқытушылар мен профессорлар кез келген студент үшін ашық дәрістер өткізетін болады»,- деді. Осындай дәрістер арқылы болашақ маман жан-жақты білім алып, өмір тәжірибесінде жемісін көрмек.

Арын Амангелдіұлы университетте ағылшын және неміс тілде оқыту қарқынды жүріп жатқанын айта келіп, алдағы уақытта француз, испан және қытай тілдерін оқыту орталықтарын ашу көзделіп отырғанын жеткізді. «Бүгін университетімізге Франция елінің елшісін келуін күтіп отырмыз. Ол білім ордамызда француз тілі орталығының ашылу рәсіміне қатысады»,- деп жағымды жаңалығымен бөлісті.

Мектеп түлектері бүгінгі кездесудегі өздерінің фото суреттерін мына сілтеме бойынша таба алады: Вконтакте, facebook

Руфина Торпищеваның фотосы