С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Ұлыбританияның бірқатар жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Лондон қаласында өткен «Қазақстан университеттері әлемдік аренада – Әлемдік рейтингтің ықпалы» конференциясына қатысты.

World University Rankings рейтингісінің мақсаты – университеттерді жан-жақты қырын танытатын ұйым ретінде көрсету, университеттердің әлемдік деңгейгелік жоғары оқу орындары ретінде даму барысы мен қалыптасу дәрежесін ұсыну.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев Ұлыбританиядағы сапары барысында Cambridge University, Oxford University, Brunel University, Queen Mary, London School of Economics, University College London оқу ордаларына іс сапармен барды. Арын Амангелдіұлы Кембридж университеті өкілдерімен кездесіп, екі жақ академиялық ұтқырлық, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, студенттер мен докторанттардың білім алу салалары бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Brunel University өкілдерімен кездесті. Екі жақ «Ньютон – Әл-Фараби» бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің негізінде енді С. Торайғыров атындағы ПМУ оқытушылары мен студенттері Брунел университетінде білім алуға, тағылымдама мен тәжірибеден өтуге барып, сондай-ақ, шетелдік оқытушыларды шақырту бағдарламасы аясында брунелдік оқытушыларды дәріс оқуға шақыру жүзеге асатын болады.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, оқу ордасы алдағы уақытта да халықаралық ынтымақтастықтың шекарасын ары қарай кеңейтуді көздейді. Ал профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиалық ұтқырлық бағдарламасы белсенді түрде іске асырыла бермек. «Біздің мақсат – әлемдік тәжірибеге сүйеніп, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, жаһандық деңгейдегі белгілі ғалымдар мен мамандармен ғылыми және кәсіби байланыс орнату», – деді Арын Амангелдіұлы.

Бұл кездесулердің нәтижесінде Кембридж және Брунел университеттерімен білім және ғылым бағыттары бойынша профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің халықаралық академиалық ұтқырлық бірлескен бағдарламасын жасауға және іске асыруға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды жасауға, ғылыми кеңес және жоғары оқу орнынан кейінгі тағылымдама, ғылыми басылымдарды жариялау, бірлескен конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге келді.