С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ENACTUS PSU командасы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған патриоттық квест-марафонын ұйымдастырды.

Квест-марафонның өтуіне Павлодар мемлекеттік университетінің ENACTUS PSU командасы мұрындық болды.

Бұл марафон «Квест» ойыны арқылы Павлодар қаласының Ұлы Отан соғысына қатысты тарихи мекендерімен танысуды, насихаттауды мақсат етті. Сондай-ақ, жоба Павлодар қаласының көрікті жерлері, музейлері мен тарихи орындары туралы ақпарат алуға, жастардың қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға бағытталды.

Квест-марафон басталардың алдында ойынға қатысушылар Ұлы Жеңістің құрметіне таңғажайып флешмоб өткізді.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «ENACTUS PSU» командасының көшбасшысы Бақытгүл Қасымованың айтуынша, ойын барысындағы барлық тапсырмалар Павлодар қаласының тарихы әрі мәдени мұраларымен тікелей байланысты болды. «Ойын өте тартысты өтті. Қатысушылардың жанарынан жігер отын аңғардым. Бұл ойын арқылы жастар туған қаласына қатысты көп ақпарат алды, еліне, жеріне деген патриоттық рухы шыңдалды, салауатты өмір салтын ұстануға әдеттенді», – деп бөлісті Бақытгүл Қасымова.

Квест-марафонына қала тұрғындары, мектеп оқушылары, коледж және жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылған 52 команда қатысты. Марафонның ең жас қатысушысы 10 жаста, жасы үлкен қатысушысының жасы 45 жаста болды.

Ойын Павлодар қаласының жаға-жайынан бастау алды. Ойынға қатысушы командалар жүріп өту жолдарымен танысып, тапсырмаларды мүдірмей орындап шықты. Қатысушылар шығармашылық, зияткерлік, креативті қабілеттерін аша түсетін қызықты да танымды тапсырмаларды бар ынта-жігерімен игерді. Ойыншылар бекітілген жүріп өту жолы бойынша жүріп, алдын ала белгіленген төрт соңғы нүктелердің біріне жетуі тиіс болды. Әрбір межелі жерде жеңімпаздарды марапаттап, оларға жоба серіктестері мен демеушілердің атынан дисконтты карталар табыс етілді.