С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Шымкент қаласында өткен «Кәсіптік оқыту» пәні бойынша жоғары оқу орындары арасындағы VII Республикалық пәндік олимпиадасына қатысты.

Павлодар мемлекеттік университетінің намысын сәулет құрылыс факультетінің кәсіптік оқыту мамандығының КБ-301 тобының студенттері Ерасыл Слямбеков, Ермек Сәуірбай, Ақмарал Кенжебаева, Арайлым Махметова қорғады.

Олимпиада үш кезеңнен тұрды: бірінші турда студенттер білімдерін тест арқылы көрсету, екінші кезеңде әр студент мамандықтары бойынша білімін тәжірибе жүзінде көрсету мақсаты көзделді. Үшінші тур – шығармашылық кезеңде топпен жасап әкелінген шығармашылық жұмыстарын қорғады.

Әділ қазылардың әділ шешімімен С.Торайғыров атындағы ПМУ командасы «Ең үздік шығармашылық жоба» номинациясына ие болды.

«Осы сынды олимпидананың берері көп. Қолөнеріміз арқылы патриоттық тәрбиенің тамыр жаюына, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай биік ұстауымызға, қолөнерімізбен, мәдениетімізбен мақтануымызға болады», – деп атап өтті топ жетекшісі Арна Ысқақова.

Жас дарындылар командасының мүшесі Арайлым Махметова өз сөзінде осы сынды сайыстардың кәсіби біліктілікті ұштауға ықпалы зор екенін атап өтті. «Жыл сайын олимпиадалар мен жарыстардың өткізіліп отырғанына қуаныштымыз. Қолымыздан шыққан дүниелерді паш етіп қана қоймай, өз кәсіби біліктілігімізді ұштап жатқанымыз біз үшін зор жетістік деп білемін», – деді Арайлым.